Түркия Израильді Газадағы атысты тоқтату режимін сақтауға шақырды

Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия мемлекеті Палестина халқына қолдау білдіруді жалғастырады. Бұл туралы Түркияның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

— Израильдің Газа секторындағы шабуылдары атысты тоқтатуды ашық түрде бұзу болып табылады. Біз осы шабуылдардың салдарынан бейбіт тұрғындардың қаза болғаны туралы хабарларға қатты алаңдаймыз. Атысты тоқтату режимін толық ұстану бейбітшілікке деген үмітті сақтау және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өте маңызды екенін қайталаймыз. Біз тағы да Израильді бейбітшілік пен тұрақтылыққа нұқсан келтіретін әрекеттерден бас тартуға шақырамыз, — делінген Түркия Сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде.

Сондай-ақ Түркияның Палестина халқымен ынтымақтасуды жалғастыратыны және аймақта әділ, ұзақ, әрі толыққанды бейбітшілікке қол жеткізу үшін күш-жігерді қолдауды жалғастыратыны атап өтілді.

Айта кетейік, Израиль ХАМАС атысты тоқтату келісімін бұзды деп мәлімдегеннен кейін Газаға қайтадан соққылар жасады. Шабуылдардан 18 адам қаза тапты.