Түркия келесі жылдан бастап туристерге салықтың жаңа түрін салады

АНКАРА. ҚазАқпарат - 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Түркияда қонақүй аумағында тұру кезінде жүзеге асырылатын барлық қызметтерден салық жинау туралы заң күшіне енеді. Бұл туралы елдің Қаржы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасына сәйкес, қонақүйлер, демалыс орындары, апартаменттік қонақ үйлер және т.б. аумағында тұруды қоса алғанда, барлық қызметтерге 2 пайыздық салық алынады.

Бұл салықтың мөлшерлемесі нақты аймақтардың жергілікті атқарушы органдарының қарауы бойынша өзгеруі мүмкін.

Сонымен қатар, заң жобасы ел парламентінің қарауына жіберілген сәттен бастап туристік бизнес тарапынан екіұшты сұрақтар туындап отыр.

Мысалы, онда ақыны туристер тіркелу кезінде төлеуі керектігі айтылған, бірақ пакеттік турлар аясында Түркияға келген шетелдік азаматтарды орналастыру кезінде не істеу керектігі түсініксіз.

Шетелдік туроператорлармен жұмыс істейтін қонақүйлер келісімшартына туристен 2 пайыздық алым алынады деген тармақты енгізбесе, салықты қазынаға өздері төлеуі әбден мүмкін дейді мамандар.

Туристік өнімді сату кезінде бұл нақты қарастырылмаса, туристердің өз бетінше салық төлеуі екіталай.

Түркия 2019 жылы «тұрғылықты жер салығын» енгізу туралы шешім қабылдады.

Содан бері коронавирус пандемиясы мен туризмнің айтарлықтай төмендеуіне байланысты заңның күшіне енуі бірнеше рет кейінге қалды.

Түрік экономикасы қазіргі уақытта маңызды рецессияны бастан кешіріп отыр, мұнда туризм - негізгі кіріс секторларының бірі.

Биыл Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығысқа қарамастан елдегі туристік ағынның жақсы қалпына келу қарқыны байқалды, бұл да шетелдік туристерден жаңа алым енгізуге себеп болды.



Фото: dzen.ru