Түркия климат жөніндегі алғашқы заңды қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияда климаттың өзгеруіне қатысты алғашқы заң қабылданды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Түркия жаһандық жылынуға қарсы күресте кезекті маңызды қадам жасады. Жаңа қабылданған заң 2053 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткізуді көздейді және ұлттық әрі өңірлік деңгейде парниктік газдар шығарындыларын реттейтін міндетті тетіктерді енгізеді.
Заңға сәйкес, елдің әрбір провинциясында климат мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылуы тиіс. Бұл кеңестер жалпыұлттық климат саясаты аясында өңірлік стратегияларды әзірлеп, жүзеге асыратын болады. Осылайша, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған кешенді және орталықтандырылмаған тәсіл қамтамасыз етіледі.
Заңда өнеркәсіп секторы ерекше назарда. Ел экономикасының негізгі салалары үшін шығарындыларды азайту жөнінде нақты мақсаттар мен орындау мерзімдері көрсетілген міндетті жоспарлар дайындалады. Қойылған талаптарды орындамаған кәсіпорындарға қаржылық және әкімшілік жазалар қарастырылған.
Сондай-ақ заң аясында шығарындыларды бақылау және есеп беру жүйелерін дамыту, «жасыл» технологияларға инвестиция тарту және тұрақты энергетикаға көшу көзделген.
Сарапшылар бұл заңды Түркияның климат саясаты саласындағы маңызды белесі деп бағалап отыр, әсіресе елдің Париж келісімі аясындағы халықаралық міндеттемелерін ескерсек. Жаңа құқықтық тетік ішкі экологиялық тәртіпті күшейтіп қана қоймай, халықаралық «жасыл» қаржыландыру көздеріне жол ашуы тиіс.
Бұған дейін Түркия 2054 жылға қарай нөлдік көміртек шығарындыларына негізделген экономика құруды мақсат еткенін хабарлаған болатын. Осы бағытта ел көрші мемлекеттермен энергетикалық ынтымақтастықты нығайтуды көздеп отыр.
Айта кетелік Түркияның Чешме курортында орман өрті тұтанғаны туралы жазған едік.