Түркия көлік экспортын ұлғайтуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның автомобиль секторы өнімдерінің экспортталуы қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды «Анадолы» агенттігі.

Автомобиль өнімдерін экспорттаушылар қауымдастығы кеңесінің (OİB) басшысы Орхан Сабунджу 2017 жылдың соңына дейін Түркияның автомобиль секторы шетелге автомобиль жеткізу көлемін 27 млрд долларға дейін жеткізіп, өткен жылдардағы рекордтық көрсеткіштерден асып түсетіндігін хабарлады.

Сабунджу түрік автоөнеркәсібінің экспортталуы 2008 жылы ең жоғары көрсеткішке жеткендігін еске сала кетті, бұл жылы Түркия экспортқа 24,7 млрд доллардың автокөліктерін шығарған болатын.

«2017 жыл көрсеткіштері барлық рекордтардан асып түсетіндігіне сенімдімін», деді OİB басшысы.

Өйткені, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында-ақ автомобиль экспорты 2016 жылмен салыстырғанда (11 млрд 734 млн 74 мың доллар) 22,4 пайызға, яғни 14 млрд 359 млн 485 мың долларға артқан.

Оның айтуынша, елдегі экспорт өлшемінің жалпы көрсеткіші бойынша автомобиль құрастыру 2017 жылдың бірінші жартысында 18,8 пайызға жетті.