М.Чавушоғлының сөздеріне сүйенсек, ол Қырғызстан сыртқы істер министрі Ерлан Абылдаевқа хабарласып, Түрік билігінің ойынша, әскери төңкеріс жасауға әрекет еткен Фетхуллаһ Гүленнің жақтастарына қарсы шара қолдануды өтінген. Түрік министрі әлемнің бірнеше елінің билігі Түркияны қолдағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл мемлекеттер өз аумағындағы Гүленге қандай да бір қатысы бар ұйымдарды жабады. Сомалидегі Гүлен жақтаушылары елден кету үшін бір апта уақыт сұраған, Солтүстік Кипрде бұл ұйымдар террористік болып саналады.
«Әзербайжан мен басқа да елдерде осындай шаралар жасалуда. Мен Қырғызстанның сыртқы істер министріне хабарласып, олардың пікірі өзгермесе, біздің қарым-қатынасымыздың өзгеретінін айттым. Кезінде біз Гүлен ұйымдарына көмек бергенбіз. Олар білім беру, мектеп туралы айтқанымен, жоспарлары мүлдем бөлек болып шықты. Біз өз бауырларымыздан қолдау күтеміз. Осындай қиын-қыстау күндері бауырмалдығымзды танытайық», - деді М.Чавушоғлы.
М.Чавушоғлы мырза «қарым-қатынастың өзгеруі» туралы ашып ештеңе айтқан жоқ. Алайда, «Себат» қамқорлығы аясында жұмыс істейтін Гүленнің Қырғызстандағы білім беру мекемелерін жабу туралы айтылуы мүмкін. Бұдан бұрын Түркия президенті Р.Т.Ердоған оппозициялық ислам уағызшысы Ф.Гүленнің қатысы бар барлық мекемені жабу туралы жарлыққа қол қойған еді. Оған сәйкес, мыңға жуық жеке мектеп, 1200 қор мен қауымдастық, 35 медициналық мекеме, 19 одақ пен 15 университет өз жұмысын тоқтатты.
Ресми деректерге сәйкес, Қырғызстан аумағында Ф.Гүленге қатысы бар 9 бастауыш мектеп, 16 лицей, 2 халықаралық мектеп және халықаралық университет ресми түрде жұмыс істейді.
Әзірге Қырғызстан СІМ түркиялық тараптың мәлімдемесі туралы ешқандай түсініктеме берген жоқ.