Түркия мектептерінде түркі әлеміне арналған жаңа курс енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Ұлттық білім министрлігі түркі әлемінің тарихы мен мәдениетіне арналған жаңа оқу материалдарын әзірледі. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: Түркияның Ұлттық білім министрлігі

Жаңа оқу жылынан бастап Түркия мектептерінің оқу бағдарламасына таңдау пәні ретінде «Түркі әлемі» курсы енгізілді. Оны оқыту үшін елдің Ұлттық білім министрлігі «Түркі әлемінің мәдени атласы» және «Түркі әлеміне саяхат» атты екі негізгі оқу құралын әзірледі.

Түркияның билеуші Әділет және даму партиясы (ӘДП) төрағасының орынбасары, түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі бөлім басшысы Күршад Зорлу жаңа оқу құралдарының мақсаты — жас ұрпақтың ортақ мәдени мұра туралы білімін арттырып, қазіргі түркі әлемін тереңірек түсінуіне және өзара байланыстың маңызын ұғынуына мүмкіндік беру екенін атап өтті.

— Биыл Түркияның Ұлттық білім министрлігінің бастамасымен түркі әлемі үшін аса маңызды жоба жүзеге асып жатқанына қуаныштымыз. Бастауыш және орта мектеп оқушыларына арналған түркі әлемі туралы оқу материалдары әзірленді. Бұл еңбектерде түркі әлемінің тарихи тұлғалары, ежелгі қалалары, табиғи, мәдени, әдеби және өнер мұрасы бір арнаға тоғыстырылған. Ортақ құндылықтар мен дәстүрлер оқушылардың жас ерекшелігі мен білім деңгейіне сай, түсінікті тілмен берілген, — деді саясаткер.

Жаңа оқу материалдары оқушыларды түркітілдес халықтардың тарихы, мәдениеті, географиясы және ортақ мұрасымен таныстыруға бағытталған. Курс мектеп оқушыларының түркі әлеміндегі елдер мен қоғамдар туралы білімін кеңейтіп, олардың арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етеді деп күтіледі.

Бұған дейін Астанада өткен «Түркі әлемінің диалогы: ортақ болашақ, ортақ көзқарас» атты панельдік пікірталаста түркі әлемін дамытудың перспективалары талқыланғаны хабарланған болатын.