Түркия мемлекеті Мұстафа Кемал Ататүрікті еске алуда

None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Түркия Республикасының халқы бүгін өмірден өткеніне 80 жыл толған Мұстафа Кемал Ататүрікті еске алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Анадолы агенттігінің жазуынша, Ататүрік 10 қараша күні таңертең сағат 09:05-те көз жұмған. Содан бері, жыл сайын дәл осы уақытта Түркияда бір минуттық үнсіздік жарияланып келеді.

Ататүрік Ұлы ұлттық жиналысының төрағасы, одан кейін өз елінің президенті ретінде Түркияда және одан тыс елдерде зор абыройға ие болған тұлға.

Бүгін Түркиядағы «Аныт қабир» басында Ататүрікті еске алу шарасы өтіп, оған Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен министрлер, оппозициялық партиялардың көшбасшылары мен сот инстанцияларының басшылары қатысты. Сондай-ақ бүгін Ыстанбұлдағы Таксим алаңында мыңдаған адам жиналды. Тұрғындар Түркияның әнұранын орындап, Республиканың негізін қалаушы тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Алты ғасыр өмір сүрген Осман елі мен Түркия мемлекетінің реформаторы, әскери қолбасшы, мемлекет қайраткері, Түркия Республикасының негізін қалап, оның тұңғыш президенті болған Мұстафа Кемал Осман империясындағы Сәләник қаласында 1881 жылы дүниеге келген. Туған кездегі толық есімі - Әли Ризаұлы Мұстафа. Балам батыр болсын деген ырыммен әкесі Мұстафаның бесігінің үстіне қылыш ілген екен. Сәләник пен Манастырдағы әскери мектептерде оқыған ол 1895 жылы Манастырдағы Османлы әскери академиясына оқуға түседі. Кейін әскери училищені және Ыстанбұлдағы әскери академияны тәмамдайды. Бос уақытында кітап оқуды, атқа мінуді, шахмат ойнауды және суда жүзуді ұнатқан. Мұстафа Кемал көптеген кітап жазып, жеке күнделік те жүргізген.

Әскери мектепте оқып жүрген кезінде Ататүрікке бір күні математика пәнінің мұғалімі  «Ұлым, екеуміздің де атымыз Мұстафа екен. Арамызда айырмашылық болуы үшін сенің атың бұдан былай Мұстафа Кемал болсын» депті. Ақыры, оның есімін журналға солай жаздырады. Сөйтіп, азан шақырып қойған аты сәл өзгертіліп, ол екі сөзден тұратын есім алады.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Түркияның тәуелсіздігі үшін ту көтерген ұлттық-революциялық қозғалысты басқарған Ататүрік жаңа мемлекет құруға қол жеткізіп, бірқатар саяси, әлеуметтік және мәдени реформаларды жүзеге асырған. Жаңа тұрпатты парламентті (ТҰҰМ) ұйымдастырып, оның алғашқы төрағасы да Ататүрік болды (1920 жылдың 23 сәуірі). Жаңа түрік мемлекеті - Түркия Республикасының бірінші Конституциясын дайындап, бекітуге де Ататүрік басшылық етті (1921). Осылайша, Ататүрік Батыс үлгісіндегі, еуропалық сипаттағы жаңа түрік мемлекетін - бүгінгі Түркия Республикасын құрды. 1923 жылдың 29 қазаны күні Түркияның бас мейрамы - Республика күні ретінде күні бүгінге дейін аталып өтеді.

Ататүрік Түркия республикасының 15 жылдығына орай елді аралап жүрген сапары кезінде 1938 жылы 10 қараша күні Ыстанбұлда қайтыс болған. Оның денесі Анкараға жеткізіліп, сондағы этнография мұражайына жерленеді. Ал 15 жылдан кейін, яғни 1953 жылы қазіргі кесенесіне көшірілді. Бұл кесене түрікше «Аныт қабир» («Ескерткіш қабір») деп аталады.