Түркия мен Израиль Сириядағы қақтығыстардың алдын алу бойынша кеңесулерді бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Көп жылғы үзілістен кейін Түркия мен Израиль Сирияда мүмкін болатын шиеленістің алдын алу мақсатында техникалық кеңесулер өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Келіссөздер кеше Әзербайжанда өтті және Сирия аумағында әрекет ететін екі елдің қарулы күштері арасындағы жанжалдың алдын алу тетіктерін әзірлеуге арналды.
Тараптар Түрік және Израиль әскери қызметкерлері арасында кездейсоқ немесе қасақана инциденттердің алдын алу жолдарын талқылады. Бұл алғашқы кездесу техникалық деңгейде өтті, жоғары лауазымды саясаткерлер қатысқан жоқ. Дегенмен басты мақсат айқын болды – тікелей қақтығыс қаупін азайту.
Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан Анкараның Израильмен АҚШ және Ресеймен бар өзара іс-қимыл тетіктеріне ұқсас үйлестіру жүйесін құруға мүдделі екенін айтты. Ол бұл қадам Түркияның Сирияның солтүстігіндегі әскери контингентінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Фидан Түркия мен Израиль арасындағы қарым-қатынастарды толық қалыпқа келтіру процесінің басталу мүмкіндігін мүлдем жоққа шығарды. Ол мұның басты себебі ретінде Израильдің Газадағы әскери операциясын атады. Түркиялық министрдің айтуынша, бұл әрекеттер екіжақты саяси қатынастарды жақсарту үшін ешқандай алғышарт қалдырмайды.
Түркия сонымен қатар Израильден Сирия аумағына жасалып жатқан соққыларды дереу тоқтатуды талап етті. Анкара Израиль Түркия әскери базаларын орналастыруы мүмкін нысандарға соққы жасап жатыр деген мәліметтерге алаңдаушылық білдірді. Ал Израиль өз кезегінде Сирияның оңтүстігінде әскери қатысуын жалғастырып отыр.
Түрік шолушыларының айтуынша, Әзербайжанда өткен кеңесулер екі ел арасындағы техникалық үйлестіру жолындағы алғашқы қадам болды. Алайда саяси деңгейде жақындасу мүмкіндігі әлі де бұлдыр күйде қалып отыр.
Бұған дейін Түркия Израильмен сауда-экономикалық қатынастарды тоқтатудың екінші кезеңін бастағанын хабарлаған болатынбыз. Кейін Түркия президенті жанындағы Дезинформациямен күрес орталығы Түркия мен Израиль арасындағы сауда әлі де жалғасып жатыр деген мәліметтерді ресми түрде жоққа шығарды.
Бұған дейін хабарланғандай, Ыстанбұлда АҚШ-Ресей консультациялары өтіп жатыр.