Түркия мен Қазақстан халықаралық және аймақтық проблемалардың кең ауқымы бойынша ұқсас ұстанымда - ТР-ның ҚР-дағы елшісі Лале Улькер
Түрік және қазақ халықтарының тілі, тарихы және мәдениетінің тамырлары ортақ. Біздің ортақ құндылықтарымыз елдерімізді тығыз байланыстыруда. Түркияның сыртқы саясатында Қазақстанмен қатынастар әрқашан да ерекше орын алады. Қазақстан тәуелсіздігін бірінші болып таныған Түркия тәуелсіздік алғаннан кейін қысқа мерзімнің ішінде Қазақстан қол жеткізген өзгерістерді, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренада ұстанымы нығая түскенін жоғары бағалайды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан және Түркия біздің әртүрлі салалардағы қатынастарымыз бен ынтымақтастығымызға негіз қалаған көптеген келісімдерге, хаттамаларға қол қойды. Біздің саяси қатынастарымыздың қол жеткізген деңгейімен қатар Қазақстан Түркияның аймақтағы ең маңызды саяси және экономикалық әріптесіне айналды.
Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Лале Улькер түрік-қазақстан қатынастарының мәні туралы айтып берді.
- Сіз түрік-қазақстан қатынастарының ағымдағы жай-күйін қалай бағалайсыз?
- Біздің елдеріміз арасындағы қатынастарға, жаңа өлшемдерге Жоғары мәртебелі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылы Түркияға сапары кезінде қол қойылған Cтратегиялық әріптестік туралы Шарт жол салды, ол барлық саладағы одан әрі дамуымыздың тамаша бағытына айналды. Соңғы кездердегі көптеген жоғары деңгейдегі өзара сапарлар біздің қатынастарымыздың бұрынғыдан да тереңдеп, кеңейе түсуіне жол ашты. Қазақстан - Түркияның аймақтағы ең маңызды сауда-экономикалық әріптесі. Екі ел арасындағы қатынастардың тағы бір маңызды өлшемдері білім беру және мәдениет саласындағы дамып отырған өзара іс-қимылдар болып табылады. Қазақстандық жастар Түркия мен Қазақстандағы түрік университеттерінде, қазақ-түрік мектептерінде білім алуда, сондай-ақ түрік жастары Қазақстанда ең алдымен, Қ.А.Яссауи атындағы қазақ түрік университетінде оқып жүр, бұл біздің ортақ келешегімізді қамтамасыз ету үшін негіз қалайды.
- Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық халықаралық аренада да дамып отыр ғой...
- Иә, Түркия мен Қазақстан арасындағы қатынастар екіжақты тұрғыда ғана емес, аймақтық және халықаралық деңгейлерде де дамып келеді. Түркия мен Қазақстан халықаралық және аймақтық проблемалардың кең ауқымы бойынша ұқсас ұстанымда екенін қанағаттанғандықпен атап өткім келеді. Екі ел де Еуразияның бүкіл кеңістігінде бейбітшілік пен тұрақтылық орнатылуы үшін ынтымақтаса отырып, зор күш-жігер жұмсауда. Бұл күш-жігердің нақты қорытындысы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі болды, оны құру идеясының бастамашысы Қазақстан Президенті болғанын ерекше атап өту қажет. Кеңес 2010 жылғы 15-16 қыркүйекте Ыстамбұлда өткен Саммит кезінде құрылды. Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің алғашқы саммиті 2011 жылғы 21 қазанда Алматы қаласында зор табыспен өтті.
Екінші жағынан, 2010 жылы Түркия Қазақстаннан АӨІСШК (Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі) төрағалығын қабылдап алды, бұл ұйым да Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Бұдан басқа, Түркия мен Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы сияқты беделді халықаралық құрылымдардың ауқымында белсенді ынтымақтасып отыр.