Түркия мен Корея энергетика және қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Анкара мен Сеул стратегиялық маңызы бар салалардағы әріптестікті нығайтуға келісті. Негізгі бағыттардың бірі Түркияның Синоп қаласында жоспарланып отырған атом электр станциясының (АЭС) құрылысын қаржыландыру болмақ, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Фото: afroasyatoday.com

Сеулде Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған мен Оңтүстік Корея Президенті Ли Чжэ Мён кездесті. Тараптар атом энергетикасы, қорғаныс өнеркәсібі, инфрақұрылым, жоғары технологиялар және сауда салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.

Келіссөз қорытындысы бойынша энергетика, тау-кен өнеркәсібі және атом жобаларын қаржыландыруға қатысты үш құжатқа қол қойылды.

Синоптағы АЭС құрылысын қаржыландыру

Кездесудің негізгі нәтижелерінің бірі — Түркияның Атом энергетикасы компаниясы (TÜNAŞ) мен Кореяның Экспорт-импорт банкі (KEXIM) арасында меморандумға қол қойылуы. Келісім бірлескен қаржыландыру үлгілерін әзірлеуді және Оңтүстік Корея компанияларының Түркиядағы атом жобаларына қатысуына жағдай жасауды көздейді.

Негізгі назар Қара теңіз жағалауындағы Синоп қаласында АЭС салу жобасына аударылды. Жоба төрт реактор салуды қарастырады. Бұл станция Түркиядағы екінші атом электр станциясы болмақ. Оңтүстік Корея жобаға қатысуы мүмкін елдердің қатарында.

2025 жылы TÜNAŞ пен Оңтүстік Кореяның KEPCO компаниясы жоба бойынша алдын ала техникалық-экономикалық зерттеулерді бастаған болатын. Енді тараптар қаржыландыру нұсқаларын зерделеу үшін жұмыс тобын құруды жоспарлап отыр.

Сонымен бірге құрылыс бойынша мердігер мен серіктестердің түпкілікті құрамы әлі анықталған жоқ. Жобаның құны, инвестиция тарту тетігі, технологияларды беру шарттары және болашақта өндірілетін электр энергиясының бағасы да әзірге белгісіз.

Қорғаныс өнеркәсібі мен технологиялар

Ердоған мен Ли қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге де уағдаласты. Түркия Президенті «Fırtına» өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылары мен «Altay» танктерін бірлесіп өндіру жобаларының әлеуетін атап өтті.

Тараптар қару-жарақты бірлесіп өндіруді, технология алмасуды және үшінші елдердің нарықтарына шығуды көздеп отыр. Әскери кеме жасау мәселесі де талқыланды. 2026 жылғы қыркүйекте екі ел теңіз саласындағы ынтымақтастық жөніндегі ниет хатына қол қойған болатын.

Тағы бір меморандум атом және жаңартылатын энергетика, сутегі технологиялары, энергия тиімділігі мен ақылды электр желілері салаларындағы әріптестікті қамтиды.

Бірлескен жобаларды дамыту үшін Түркия-Корея энергетикалық трансформация форумы құрылады. Оны жыл сайын екі ел кезекпен өткізуді жоспарлап отыр.

Тағы бір келісім маңызды пайдалы қазбалар мен сирек жер элементтерін өндіру және өңдеу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін Түркиядағы АЭС алғашқы электр энергиясын өндіруге дайындалып жатқанын жазған едік.