Түркия өкілі түркі әлемінің ынтымағы туралы: Тарихи мүмкіндік бір рет қана беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш Түркі мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының пленарлық отырысында бауырлас мемлекеттердің өкілдерін геосаяси ахуал құбылып тұрған кезеңде тарих беріп отырған мүмкіндікті бірлесіп пайдалануға шақырды.
— Мәуереннаһрдан Кавказға дейін, Кавказ аймағынан Анадолыға дейін, Анадолыдан Еуропаға дейін созылып жатқан ұлан-байтақ территорияда орналасқан түркі әлеміне қазіргі жаңа кезең жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. Осыны пайдалана білуіміз керек. Өзімізге түскен міндетті нақты атқарып шығу — бәріміз үшін парыз. Өйткені тарихи мүмкіндік бір рет қана беріледі және қайтадан қашан берілетінін ешкім білмейді. Сондықтан қолымызға түсіп тұрған мүмкіндікті барынша пайдаланып қалуымыз керек. Түркі әлемі — 300 млн адамнан тұратын мәдени әлем ғана емес, бүкіл әлемнің ең стратегиялық аймағында орналасқан, табиғи қоры мол, бай аумақ. Сондықтан әлемге жаңа өркениет ұсынатындай әлеуеті бар, — деді ол.
Нуман Куртулмуш түркі мемлекеттері тәуелсіздігін алғаннан бері қарыштап дамып келе жатыр деп есептейтінін айтты.
— Бірақ тәуелсіздікті жариялап қою жеткіліксіз. Тәуелсіздіктің құрылымын нығайту керек. Бұл — әдебиет пен тарихты, ғылым мен технологияны қамтитын бүкіл саладағы тәуелсіздікті білдіреді. Азық-түлік қауіпсіздігі болсын, бүкіл салада тәуелсіз болатындай деңгейге жетуіміз керек. Олай болмаса тәуелсіздік қағаз жүзінде ғана қалады. Ең басты тәуелсіздік — мәдени тәуелсіздік. Күшті мемлекеттердің ықпалынан ажырау — оңай емес. Оған қажетті тарихи мұрамыз баршылық, — деді Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы.
Айта кетейік, бүгінгі пленарлық отырыс қорытындысы бойынша ТҮРКПА-ға төрағалық Әзербайжаннан Қазақстанға өтіп, Астана декларациясы қабылданады.
Сондай-ақ, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТүркПА-ға мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесті.