Түркия өнеркәсібі: көрсеткіш соңғы он жылдағы ең төменгі деңгейге түсті

Фото: analizgazetesi.com.tr

Түркия өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілік индексі соңғы он жылдағы ең төменгі деңгейге жетті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Түркия өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлерінің қауымдастығы (TÜSİAD) жүргізген соңғы зерттеуге сәйкес, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Түркияның өнеркәсіп секторының бәсекеге қабілеттілік индексі жылдық мәнде 8,9%-ға төмендеп, соңғы он жылдағы ең төменгі деңгейге жетті.

Жарияланған мәліметтерге сәйкес, зерттеуге қамтылған 10 саланың барлығында бәсекеге қабілеттілік соңғы екі жыл бойы тұрақты түрде төмендеп келеді.

TÜSİAD сарапшылары бұл құлдырауға себеп болып отырған үш негізгі факторды атап өтті:
– аралық тауарлар бағасының өсуі;
– жұмыс күшінің қымбаттауы;
– қаржыландыру тарту құнының артуы.

Әсіресе металлургия, химия, тоқыма және былғары өнеркәсіп салаларында теріс үрдістер ерекше байқалған. Бұл салалардың өкілдері шығындардың өсуі өндірісті жаңғырту мен экспортты кеңейту мүмкіндіктерін едәуір шектеп отырғанын айтады.

Сарапшылар жаһандық бәсекелестік жағдайында Түркия өнеркәсібіне ішкі шығындарды тұрақтандыру мен тұрақты өсімді қамтамасыз етуге бағытталған жедел дағдарысқа қарсы шаралар қажет екенін баса айтады. Ұсынылып отырған шешімдер қатарында:
– мемлекеттік қолдауды кеңейту,
– салық саясатына реформа енгізу,
– технологиялық трансформация бағдарламаларын дамыту бар.

TÜSİAD егер қазіргі үрдіс жалғаса берсе, Түркия бірқатар халықаралық нарықтардағы өз позициясынан айырылып, өнеркәсіптік өндіріс көлемінің одан әрі қысқаруына тап болуы мүмкін екенін ескертті.

Сонымен бірге, өткен жылы Түркияның болат сату көлемі айтарлықтай артқан. Бұл жетістік Румыния, Италия және Испания сияқты елдерге экспорттың жоғары деңгейімен байланысты.

Биылғы жылдың басында Түркия қорғаныс және аэроғарыш өнімдерін экспорттауда да ең жоғары өсімді тіркеді. 

Айта кетелік Измир әкімшілігінде сыбайлас жемқорлық ісі бойынша 126 адам қамауға алынған еді