Бұл жөнінде Ауыл және орман шаруашылығы министрі Ибрахим Юмаклы Ыстанбұлда журналистермен кездесуінде айтты. Оның сөзінше, жоба қорғаныс өнеркәсібі өкілдерімен бірлесіп жүзеге асып жатыр. Жаңа аппараттар әуеден өрт сөндіруге мүмкіндік береді.
Министрдің сөзінше, Түркия орман өрттерін болжау және алдын алу үшін жасанды интеллектіні де пайдаланады. Арнайы шешім қабылдау жүйесі өрттің ықтимал таралу бағытын талдап, қауіп жоғары аумақтарды анықтайды әрі қажетті күш пен техниканы алдын ала бөлуге көмектеседі. Осы жүйенің арқасында өрт шығу қаупі бар жерлерді оқиғаға бір апта қалғанда анықтауға болады.
Юмаклы жаңа технологиялар өрт сөндіру бөлімшелерінің жұмысын үйлестіруге және қызыл жалынмен күрестің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Түркия министрі орман өртінен кейінгі аумақтарды қалпына келтіру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуына қарағанда, жаңа ағаш отырғызу кезінде билік әр өңірдің табиғи ерекшеліктерін ескереді. Мәселен, Қара теңіз бен Жерорта теңізі жағалауларындағы, Эгей өңірі мен Орталық Анадолыдағы орман экожүйелері бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Сондықтан орманды қалпына келтіру жұмыстары жергілікті өсімдіктер дүниесі мен ғылыми зерттеулерге сүйене отырып жүргізіледі.
Юмаклы табиғи тепе-теңдікті жасанды түрде өзгерту әрекеттерінен сақтандырды. Ол Германияда осындай тәжірибе бірқатар биологиялық мәселеге әкеліп, кейін бұл тәсілден бас тартуға тура келгенін еске салды.
Министр орманның табиғи жолмен қалпына келу тетіктеріне де назар аударды. Атап айтқанда, қызыл қарағайдың бүрлері өрт кезінде жабылып, тұқымдарын сақтап қалады. Ал жағдай қолайлы болғанда қайта ашылып, тұқымдарының топыраққа түсуіне мүмкіндік береді. Юмаклының айтуынша, орман өрттерінің басым бөлігі орман алқаптарынан тыс жерлерде басталады. Сондықтан өрттің себептерін анықтағанда орманның өзімен қатар, оған іргелес аумақтардың жағдайын да ескеру қажет.
Еске салайық, бұған дейін күз мезгіліне қарамастан, Түркияда, әсіресе Эгей және Жерорта теңізі өңірлерінде орман өрті қаупі сақталып отырғанын жазған едік.