Түркия президенті жаңа Конституция қабылдау қажеттігін мәлімдеді

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM – Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған 1980 жылғы әскери төңкерістен кейін қабылданған қазіргі конституцияың орнына жаңа конституция қабылдау керектігі туралы мәлімдеді. Бұл туралы ресейлік ТАСС агенттігі жазды.

«Төңкерістер мен әскери меморандумдардың заманы өтті. Қазіргі конституция саясатқа күмән тудырады, Түркия бұл құжатпен алға жылжи алмайды»,-деді Р.Ердоған.

Түркия президентнің бұл сөздерін TRT Haber телеарнасы таратты.

Түркия президенті 1961 жылы әскери төңкерістен кейін бұрынғы премьер Аднан Мендерес пен оның екі министрі жазаланған Ыстанбұл маңындағы мәрмәр теңізіндегі «демократия мен бостандық аралында» тағы да жаңа конституция қабылдау бастамасы туралы айтты. Түркия 27 мамырда осы төңкерісті еске алады.

«Біз қастандық жасаушыларды арада 64 жыл өтсе де, ғасыр өтсе де кешірмейміз»,-деп мәлімдеді Р.Ердоған.

Президенттің сөзінше, қолданыстағы конституция бүгінгі күн талаптарына жауап бере алмайды, тіпті елдің абыройына нұқсан келтіреді.

«Біз өзінің 100 жылдығын атап өткен ұлтымызды төңкеріс конституциясымен өмір сүруге мәжбүрлей алмаймыз. Біз мұндай қорлыққа шыдамаймыз. Жаңа конституция 28-ші заң шығару мерзімінің ұлттық парызы»,-деді Р.Ердоған. Бұл ретте ол 2023 жылдың мамырында сайланған парламентті меңзеп отыр.

Түркия парламентінің спикері Нуман Куртулмуш осыған дейін жаңа конституцияның мәтіні бойынша ұсыныстардың жобасы меджлиске шамамен қазан айында, яғни парламенттің күзгі сессиясы барысында күн тәртібіне енгізілетінін жеткізді.

Түркия президенті конституцияға түзетулер енгізу туралы мәселені халықтың мақұлдауына екі рет ұсынды. 2017 жылы референдум өткен соң елдің парламенттік басқару формасы президенттікке өзгертілді, алайда жаңа конституция қабылданбады.

2023 жылдың мамыр айында жаңа мерзімге сайланғаннан кейін Ердоған жаңа конституция қабылдау мәселесінің өзінің әкімшілігінің негізгі міндеттерінің бірі болатынын айтты.