Түркия Президенті А. Гүл Қазақстанға ресми сапар жасайды

амырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай / - Мамырдың 23-26 аралығында Түркия Республикасының Президенті Абдолла Гүл Қазақстанға ресми сапар жасайды. Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сапар барысында екі жақты ынтымақтастықтың және халықаралық аренадағы ынтымақтастықтың негізгі қырларын талқылау жоспраланып отыр. Сапар бағдарламасында Абдолла Гүлдің Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздер жүргізуі, сондай-ақ Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановпен кездесулері қарастырылған.

Сондай-ақ сапар барысында Қазақстан мен Түркия арасында бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылады», деді Ә. Әбдірахманов.

Оның айтуынша, сапар аясында Түркия Президенті Абдолла Гүл Түркістан қаласына барады. Ол жерде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессорлар және оқытушылар құрамының және студенттердің алдында дәріс оқиды.