Түркия Президенті өзіне қол жұмсамақ болған адамға тұрмыстық қиыншылықтан құтқаруға уәде берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия Президенті Реджеп Тайып Эрдоған 25 желтоқсанда, жұма күні көпірден секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарды. Бұл туралы Daily Sabah хабарлады.

Оқиға Стамбулда Босфор бұғазы көпірінде болған. Басылым жариялаған бейне жазбада жұма мешітке бет алған Эрдоған кортежі өзіне қол жұмсамақ болған адам тұрған көпір маңына президенттің айтуымен тоқтағаны байқалады. Президент көмекшілері ер адамға Эрдоған онымен сөйлескісі келетінін айтып, оны президент отырған Mercedes көлігіне алып келеді. Кадрдан ер адам мен түрік көшбасшысының бірнеше минут сөйлескені байқалады. Ол бірнеше рет телефонмен сөйлескен соң, ер адам Эрдоғанның қолынан сүйеді. «Associated Press» деректеріне сәйкес, ер адам отбасылық қиындықтарға байланысты өзіне қол жұмсамақ болған екен. Эрдоған оған мәселелерін шешуге жәрдем беруге уәде берді.