Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістан қорғаныс туралы үшжақты келісімге қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістан бірлескен қауіпсіздікті нығайту, әскери ынтымақтастықты дамыту және тараптардың біріне қарулы шабуыл жасалған жағдайда іс-қимылды үйлестіру туралы келісімге келді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Фото: Anadolu

Мекке қаласында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман және Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф бірлескен қорғаныс туралы үшжақты келісімге қол қойды.

Бірлескен мәлімдемеге сәйкес, құжат тарихи байланыстарға, стратегиялық мүдделерге және ұжымдық қауіпсіздікті нығайту ниетіне негізделген. Келісімнің негізгі қағидаларының бірі – үш елдің біріне жасалған қарулы шабуыл барлық қатысушыға жасалған шабуыл ретінде қарастырылатыны.

Сондай-ақ құжат қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді, қарулы күштердің өзара үйлесімділігін арттыруды және қауіпсіздік бағытындағы ықпалдастықты дамытуды көздейді.

Сонымен бірге келісімнің тек қорғаныс сипатында екені атап өтілді. Ол қандай да бір мемлекетке қарсы бағытталмаған және Түркияның НАТО-ға мүшелігін қоса алғанда, қолданыстағы одақтастық міндеттемелерін алмастырмайды.

Әрбір жағдайда қарулы күштерді пайдалану туралы шешім ұлттық заңнама мен конституциялық рәсімдерге сәйкес қабылданады.
Бұған дейін Түркия мен Сирияның жаңа әскери келісімге қол қоюға дайындалып жатқаны хабарланған болатын.