Түркия шілде айында тауар экспорттау бойынша тарихи рекорд орнатты

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың шілде айында Түркияның экспорты өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 11%-ға өсіп, 24,9 миллиард АҚШ долларына жетті, деп хабарлайды Анадолы.

Ал импорт көлемі 5,4%-ға артып, 31,3 миллиард доллар болды. Бұл туралы сенбі күні Түркия Сауда министрлігі хабарлады.

Сыртқы сауда айналымы 56,33 миллиард доллар болып, өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда 7,8%-ға артты.

Сыртқы сауда тапшылығы шілде айында 12,1%-ға қысқарып, 6,4 миллиард доллар болды. Импорттың экспортпен жабылу коэффициенті 4,1 пайыздық тармаққа артып, 79,5%-ға жетті. Энергия тасымалдаушылары мен алтынды есепке алмағанда бұл көрсеткіш 91,5%.

Экспорт құрылымында көшбасшы орынды аралық өнімдер (шикізат) иеленді — 12,8 миллиард доллар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,3%-ға көп. Одан кейін тұтынушылық тауарлар — 7,94 миллиард доллар және инвестициялық капитал тауарлары — 3,7 миллиард доллар.

Германия Түрік тауарлары үшін ең ірі экспорттық нарық болды — 1,9 миллиард доллар. Ең ірі импорттаушы елдердің ондығына сондай-ақ Ұлыбритания, АҚШ және Еуропа Одағы елдері кірді. Олардың экспорттағы үлесі 48,5%.

Импорт құрылымында негізгі үлесті шикізат тауарлары алды — 20,4 миллиард доллар, инвестициялық капитал тауарлары — 5,38 миллиард доллар және тұтынушылық тауарлар — 5,35 миллиард доллар. Түркияға тауар жеткізуші елдер арасында Қытай, Ресей және Германия алдыңғы қатарда.

2025 жылғы қаңтар-шілде аралығында Түркия экспорты 5,2%-ға артып, 156,4 миллиард долларды құрады. Ал импорт көлемі 6,9%-ға өсіп, 212,2 миллиард доллар болды. Сыртқы сауда тапшылығы осы кезеңде 12,2%-ға артып, шамамен 56 миллиард долларға жетті.

Түркияның сауда министрі Өмер Болаттың айтуынша, шілде айында тауар экспорты көлемі ел тарихындағы ең жоғары айлық көрсеткішке жетті.

— Шілдеде экспорт көлемі 25 миллиард долларға жетіп, рекорд жаңартылды. Бұл өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда 11%-ға артық, — деді министр.

Сонымен бірге бұл көрсеткіш шілде айлары арасындағы да жаңа рекорд болып есептеледі.

Айта кетелік Түркияда алғаш рет ұшақ тоқтамай орындарынан тұрған жолаушыларға айыппұл салынды.