Түркиялық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл жүйе танымал жоғары санатты смартфондарға, соның ішінде iPhone-ға да қолданылуы мүмкін.
Мысал ретінде 256 ГБ жады бар, құны 150 мың лира (шамамен 1 392 000 теңге) тұратын iPhone Pro Max моделі келтіріледі. Екі жылға жалға алған жағдайда ай сайынғы төлем 7 150 лираны (шамамен 66 500 теңге) құрайды. Ал 24 айдағы жалпы төлем 171 600 лираға (шамамен 1 595 000 теңге) жетеді. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін құрылғыны банкке қайтару қажет болады.
Сондай-ақ жалдау ақысын біржолғы төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жағдайда смартфонды екі жылдан кейін қайтару шартымен 124 мың лира (шамамен 1 152 000 теңге) төленеді.
Келісімшарт талаптарына сәйкес, клиент жалға алу мерзімі ішінде құрылғыны төрт реттен артық жөндете алмайды.
Түркияда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құны 20 мың лирадан асатын ұялы телефондарды сатып алуға берілетін несие мерзімі үш аймен шектеледі. Осылайша, құны 150 мың лира болатын смартфонды несиеге сатып алған жағдайда ай сайын шамамен 50 мың лира төлеу қажет еді.
Жаңа модель қымбат смартфон пайдаланатын адамдардың ай сайынғы төлемін азайтуға мүмкіндік береді деп болжанып отыр. Алайда келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін құрылғы банктің меншігінде қалады.
Бұған дейін Қазақстанда 20 тамыздан бастап ұялы телефондарды сатудың жаңа ережелері күшіне енгені туралы жазған едік.