Түркияның Энергия нарығын реттеу басқармасының (EPDK) мәліметінше, шілдеде елге шамамен 3,06 млрд текше метр табиғи газ импортталған. Бұл былтырғы осы айдағы көрсеткіштен 21,7%-ға аз. Оның 2,87 млрд текше метрі құбыр арқылы жеткізілетін газға, 194,05 млн текше метрі сұйытылған табиғи газға (СТГ) тиесілі.
Құбыр арқылы газ жеткізген негізгі ел Әзербайжан болды – 1 млрд текше метрден астам. Одан кейін Ресей – 948,49 млн текше метр және Иран – 919,33 млн текше метр. Түркия СТГ-ның барлық көлемін Алжирден импорттады.
Табиғи газ тұтыну көлемі де 25,2%-ға төмендеп, 2,65 млрд текше метрді құрады. Сонымен қатар шілде айының соңында газ қоры 5,64 млрд текше метрге жетіп, жылдық мәнде 30,5%-ға артты.
Шілдеде мұнай мен мұнай өнімдерінің импорты шамамен 4,52 млн тоннаны құрады. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6,9%-ға аз. Ал шикі мұнай импорты 0,32%-ға аздап өсіп, 2,93 млн тоннаға жетті.
Мұнай мен мұнай өнімдерін негізгі жеткізуші бұрынғыдай Ресей болды. Оның үлесі 1,66 млн тоннаны құрады. Одан кейін Ирак – 653,5 мың тонна және Қазақстан – 508 мың тонна көрсеткішімен орналасты. Қазақстанның үлесі жалпы импорт көлемінің 11,24%-ын құрады.
Бұған дейін Қазақстанда энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын жаңғыртуға 839 млрд теңге бағытталатыны хабарланған болатын.
Осыған дейін елімізде жасыл энергетиканы дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатқаны туралы жаздық.