Түркия тарапынан Қазақстанмен визасыз режімді тоқтататындығы жайлы ресми ескерту түскен жоқ - ҚР СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі Түркия тарабынан Қазақстанмен визасыз режімді тоқтататындығы жайлы ресми ескерту алған жоқ. Бұл жайында ҚазАқпарат тілшісіне ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов мәлім етті.

«Қазіргі уақытта біз түрік тарапынан Қазақстан азаматтары үшін визасыз режімді тоқтату ниеті туралы ешқандай ресми ескерту алған жоқпыз», - деді ол.

Айта кетерлігі, Астанадағы Түркия Елшілігінен де ҚазАқпарат тілшісіне түрік елінен әзірше ешқандай ресми ақпарат келіп түспегендігін мәлімдеді.

«Елші мырза Түркиядан ресми ақпараттың келіп түспегендігін айтты. Ақпарат келіп түскен бетте біз хабарын береміз», - деді Елшілік қызметкері телефон арқылы.

Түркияның 89 елмен, оның ішінде Қазақстанмен де визалық режімді қалпына келтіретіндігі туралы ақпарат haberizmir.com сайтында жарияланған болатын.

Аталған ақпаратқа қарағанда, мұндай шешім Түркия мен Еуропалық одақ арасында визалық режімді жеңілдету және реадмиссия туралы келісімнің қол қойылуына байланысты қабылданған.