Күршат Зорлу түрік елі Түркия мен Ресей арасындағы мәселені шешуге айрықша үлес қосқаны үшін ҚР Тұңғыш Президентіне шексіз алғысын білдіретінін баса айтты. Сирияға қатысты келіссөздер Елбасы Н.Назарбаевтың бітімгерлік қасиетін анық танытқанын атап өтті.
"Президенттік өкілеттігіңізден өз еркіңізбен бас тарту туралы шешіміңізді де Түркиядағы миллиондаған халық қадағалады. Сізге жеткізгім келеді, осы хабарды Түркия естіген кезде жұртшылық қатты өкініш білдірді. Ал ең қызығы әлеуметтік желіде қызу пікірталас болып, жастарымыздың көпшілігі Қазақстанға келіп, шешіміңізден бас тартуыңызды өтінгісі келді. Әрине, сіздің салиқалы шешіміңіз әлемдік көшбасшылық тарихында алтын әріптермен жазылып қалатын болады. Өйткені мұндай шешімді тек елін ойлаған нағыз лидер ғана іс жүзіне асыра алады", - деді ол.
Оның атап өтуінше, Қазақстан қазіргі таңда тәуелсіздігі жаңа ғана танылған жас мемлекет емес, әлем танып құрмет көрсеткен болашағына нық сеніммен қараған мәңгілік ел.
"Сіздің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көтерген түркі әлемін біріктіру идеяңыз бүгінгі таңда толық іске асты. Сіздің бастамаңызбен құрылған ТүркСОЙ, Түркі кеңесі, Түркі академиясы түркі тілдес мемлекеттердің темірқазығына айналды. Сіз бір сөзіңізде "Ақ теңізден Алтайға дейінгі ұлан байтақ жердегі түркі дүниесі ынтымақ пен бірлікте болуы керек" деген едіңіз. Бұл түсіне білгенге келешек ұрпаққа деген өсиетіңіз", - деді Күршат Зорлу.