Түркияда 24 млн-нан астам адам баспана жалдап тұруға мәжбүр

Фото: Фото: Анадолу

АСТАНА. KAZINFORM – Түркияда бағаның рекордтық өсуі мен бос тұрған пәтерлер санының артуы аясында жалға алушылардың саны көбейіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігінің меншікті тілшісі. 

Соңғы 10 жылда Түркияда үй иелерінің үлесі 61,1%-дан 56,1%-ға дейін азайған, ал жалға алушылардың саны 22,1%-дан 28%-ға дейін артқан. Түркиялық Karar газетінің мәліметінше, бүгінде елде 24 миллионнан астам адам баспананы жалдап тұруға мәжбүр.

Сарапшылар мұндай өзгерістерге бірнеше негізгі себепті атап көрсетеді: жылжымайтын мүлік бағасының шарықтауы, ипотекалық мөлшерлемелердің жоғары болуы және тұрғын үйге бағытталған алыпсатарлық инвестициялар.

2015 жылдан бері Түркияда жылжымайтын мүлік құны 1815%-ға артқан. Бұл — Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдер арасындағы орташа көрсеткіштен 18 есе жоғары. Сол кезеңде жалдау ақысы да 12 есе қымбаттаған.

Мысалы, 2015 жылы 500 мың түрік лирасына бағаланған пәтер бүгінде 9,6 миллион лираға (шамамен 250 мың АҚШ доллары) тең. Мұндай баспананы ай сайын жалға алу ақысы 2,5 мың лирадан 32,5 мың лираға дейін (шамамен 850 доллар) өскен.

2015 жылдан 2024 жылға дейін елде 6,94 миллион жаңа пәтер салынғанымен, олардың тек 5,31 миллионы ғана сатылған. Қалған 1,63 миллион пәтер әлі иесіз бос тұр.

Әсіресе, бұл мәселе ірі қалаларда ушығып тұр. Мұнда элиталық тұрғын үйлер инвестициялық мақсатта сатып алынады — олар не қайта сатылады, не болмаса қымбат бағаға жалға беріледі. Ал қарапайым миллиондаған азамат үшін пәтер сатып алу түгілі, жалға алу да барған сайын қиындап барады.

Сарапшылар Түркиядағы тұрғын үй нарығында әлеуметтік шиеленіс күшейіп келе жатқанын айтып, кең ауқымды халыққа тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жүйелі шешімдер қабылдау қажет екенін алға тартып отыр.

Айта кетелік Түркия Орталық банкінің резервтері 141 млрд долларға дейін төмендеді.