Түркияда 44 орман өртіне қатысты тергеу жүргізіліп, күдіктілер қамауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркияда орман өрттеріне қатысты тергеу аясында алты күдікті қамауға алынып, тағы тоғыз адам сот бақылауына алынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Фото: hurriyetdailynews.com

Hürriyet Daily News басылымының мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусымнан бері Түркияның 16 провинциясында болған 44 орман өрті бойынша қозғалған іс аясында 29 күдіктінің жеке басы анықталған.

Түркияның Әділет министрі Акын Гюрлек алты адамның қамауға алынғанын, тағы тоғыз адамның сот бақылауына берілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, тергеу жұмыстары министрліктің бақылауында.

Министр орманды қасақана өртеген немесе абайсызда өрттің шығуына себеп болған тұлғалар заңда көзделген ең қатаң жазаға тартылатынын атап өтті. Ол әрбір оқиға бойынша тергеу соңына дейін жеткізілетінін айтты.

— «Жасыл Отан» — халқымыздың ортақ байлығы. Қылмыс белгілері бар бірде-бір орман өрті ашылмай қалмайды, — деді министр.

Қазіргі уақытта Түркия прокуратурасы өрт болған жерлерден жиналған материалдарды, бейнебақылау камераларының жазбаларын, телефон байланыстары туралы деректерді, куәгерлердің жауаптарын, сарапшылардың қорытындыларын және техникалық зерттеу нәтижелерін зерделеп жатыр. Мақсат — өрттердің шығу себептерін анықтап, әрбір күдіктінің жауапкершілік деңгейін белгілеу.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрттердің бір бөлігі қасақана қойылған. Қалғандары дәнекерлеу жұмыстары кезінде шыққан ұшқыннан, астық жинайтын комбайндардың ақауынан, тегістегіш құралдарды пайдаланудан, омарташылар қолданатын түтіндеткіштерден, бақша қалдықтарын өртеуден, сондай-ақ электр желілеріндегі қысқа тұйықталу мен бағаналардың зақымдануынан туындаған.

Соттар Измир провинциясының Торбалы және Мугла провинциясының Ортеджа аудандарындағы қасақана өрт қою фактілері бойынша күдіктілерді қамауға санкция берді. Сонымен қатар Балыкесир провинциясының Бурхание ауданында дәнекерлеу жұмыстары салдарынан шыққан өртке байланысты бір адам қамауға алынды. Адыяман провинциясында лашықты өртегенін мойындаған күдікті де күзетпен қамауға алынды.

Бұған дейін Түркияның бірнеше өңірінде ауқымды орман өрттері жалғасып жатқаны хабарланған болатын. Арнайы қызметтер өртпен әуеден және жерден тәулік бойы күрес жүргізіп жатыр