Түркияда 500-ге жуық мешіт жабылды

АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Имам мен азаншылардың жетіспеу себебінен түрік елінде 500-ге жуық мешіт өз жұмысын тоқтатты. Бұл жайында Haberturк ақпараттық порталы хабарлауда.

Ұлттық қозғалыс партиясының депутаты Рухсар Демирелдің парламентке жолдаған сауалы да осы елдегі мешіттер мәселесі жайлы болатын. Аталмыш сауалға жауап ретінде премьер-министрдің көмекшісі Бекир Боздаг мырза Қарабүк провинциясында 50-ге жуық мешіт имамдардың жетіспеушілігінен жабылғанын, сондай-ақ бүкіл республика бойынша құрылыс жұмыстарына байланысты 40-қа жуық құдай үйі өз қызметтерін тоқтатқанын ресми түрде мәлімдеді.

Muslim.kz сайтының жазуынша, бүгінгі таңда түрік еліндегі мешіттердің жалпы саны - 84 684 болса, діни қызметкерлердің ұзын саны 105 мыңна асып-жығылатын көрінеді. Ал, енді Боздаг мырзаның айтуынша, елде уақытша жабылған мешіттер саны - 454.

«Үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында 1800 имам мен азаншы жұмысқа кірісіп те кетті. Бұған қоса,үкімет тарапынан елдегі мешіттерді дін өкілдерімен толықтыру міндеті алға қойылып отыр. Осы мақсатта мектеп түлектері арасынан 2500 имам мен 5000 азаншы дайындау мақсатында аталған мешіттерге жөнелтіледі.