Түркияда 6,1 магнитудалы жер сілкінісі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Балыкесир провинциясында 6,1 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Түркияның Төтенше жағдайлар басқармасы (AFAD).
АЗЕРТАДЖ агенттігі басқармаға сілтеме жасап хабарлағандай, жер сілкінісінің ошағы Балыкесир қаласына қарасты Сындыргы ауданында орналасқан.
Жер асты дүмпуі жергілікті уақытпен 19:53-те болған және ол елдің Мәрмәр және Эгей өңірлеріндегі бірнеше провинцияда, соның ішінде Ыстанбұл қаласында да сезілген көрінеді.
Түркияның батысында болған жер сілкінісі салдарынан шамамен 10 үй қирады. Бұл туралы NTV телеарнасына сілтеме жасап ТАСС агенттігі хабарлайды. Қазіргі уақытта қаза тапқандар туралы ақпарат түскен жоқ.
Сонымен қатар Түркия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қираған үйлердің бірінің астынан төрт адам аман-есен құтқарылған. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұдан бұрын технологиялық алпауыт Google компаниясы Android жер сілкінісі туралы ескертулер (AEA) жүйесі 2023 жылдың 6 ақпанында Түркияда болған жойқын жер сілкінісі туралы халықты дұрыс ескертпегенін ресми түрде мойындағанын жазғанбыз.