Түркияда алғаш рет университетте оқитын студент қыздардың үлесі ұлдардан асып, 52% жетті

АНКАРА. KAZINFORM — Түркияда университетте оқитын әрбір 100 адамның 52-сі — қыздар. Мұндай мәліметті Түркия Жоғары білім кеңесі (YÖK) ұсынды, деп жазды Анадолы агенттігі.

Фото: Анадолы

Түркиядағы 208 жоғары оқу орнында, оның ішінде 129 мемлекеттік, қор жанынан құрылған 75 университеттежәне 4 жоғары кәсіптік оқу орнында 7 млн 503 мың 181 студент білім алып, 181 мың 498 оқытушы жұмыс істейді.

Өткен жылы жоғары оқу орнында оқитын қыздардың саны алғаш рет ер студенттердің санынан асып, 50,8 пайызға жетті.

Биыл бұл көрсеткіш одан да артып, 51,7-ге жетті. 

Ақпандағы мәлімет бойынша, жоғары оқу орнында оқитын 7 млн 503 мың 181 студенттің 3 млн 879 мың 512-сі қыздар, 3 млн 623 мың 669-ы — ұлдар. 

2003 жылы 74 134 болған түрік университеттеріндегі оқытушы саны биыл 181 498-ге жетті. Оның 97 мың 291-і — ерлер болса, 84 мың 207-сі — әйелдер.

Осылайша, академиктердің жалпы санындағы әйел ғалымдардың үлесі 46,4 пайызға жетті.  

Түркияның жоғары білім жүйесінде әйел зерттеуші және әйел мұғалім саны да ер адамдар санынан асып түсті. 

Түркиядағы 42 мың 350 ғылыми қызметкердің 22 мың 792-сі әйелдер, 19 мың 558-і ер адамдар.

Сәйкесінше, ғалым әйелдердің үлесі ер ғалымдардың үлесінен 53,8 пайызға асып түсті. 

Сонымен қатар, 35 мың 776 оқытушының 18 мың 444-і — әйелдер, 17 мың 332-сі — ер адамдар. 

Осы мәліметке сәйкес, әйел мұғалімдердің үлесі ер мұғалімдердің үлесінен 51,6 пайыз артық.