Түркияда әскери операция барысында 53 лаңкестің көзі жойылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияда террорлық ұйымдарға қарсы әскери операция жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Хабар 24 телеарнасы.

Түрік қарулы күштері, жандарм мен полицияның арнайы жасағы жұмылдырылған кең ауқымды шарада апта ішінде 53 лаңкестің көзі жойылып, 13-і ұсталған. Бұл деректі осы елдің Ішкі істер министрлігі таратты.

Ведомстваның ресми ақпаратына сүйенсек, операция аясында «Ирак және Левант ұйымы», ФЕТО және күрд содырларына қатысы бар деген күдікпен мыңнан аса адам ұсталған. Сондай-ақ күштік құрылымдар қолдан жасалған 65 бомба, 2 тонна жарылғыш зат пен 77 қару тәркілеген.

Естеріңізге саламыз, былтыр Түркияда жүздеген адамның өмірін жалмаған 28 ірі террорлық оқиға тіркелді. Лаңкестік шабуыл көбіне Түркияның ең ірі шаһары Ыстанбұл мен күрдтер тығыз шоғырланған елдің шығыс аймағындағы Диярбақыр провинциясында болған. Бұл террорлық актілерді ТГИЛ мен «Күрдістан жұмысшы партиясы» өз мойнына алды.