Түркияда әуежайдағы ұшақтан түтін шықты

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Ыстанбұлдан Анталияға ұшып келген Turkish Airlines ұшағы ұшу-қону жолағында түтіндей бастаған соң, жолаушылар дереу эвакуацияланды, деп хабарлайды Milliyet.  

Әлеуметтік желіде әуежайдағы жағдайдың видеосы тарап кетті. Boeing 777 ұшағы Анталия әуежайына қонғаннан кейін шассиінен түтін шыға бастаған.

Әуе компаниясының мәлімдеуіншк, жолаушыларға қауіп төніп тұрған жоқ, бірақ сақтық шарасы ретінде ұшақтан эвакуацияланған.

— Жолаушыларымыз дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді, зардап шеккендер жоқ. Өкілетті мамандар ұшақты техникалық тексеруге кірісті. Бастапқы тексерулер түтіннің гидравликалық құбырдағы техникалық ақаудан шыққанын анықтады, — делінген Turkish Airlines хабарламасында.

Ұшақтағы 247 жолаушы мен 13 экипаж мүшесі эвакуацияланды. Түркияның көлік министрлігі оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.

Еске сала кетейік, Түркияда 16 адам мінген катер өртке оранды