Түркияда аусылдың таралуы: Ылғындағы мал базары жабылып, карантин енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның Конья провинциясында ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аусылдың таралуы тіркелді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Конья провинциясының Ылғын ауданында билік өкілдері қауіптің алдын алу мақсатында жедел әрекет етіп, жабық мал базарын арнайы бұйрық шыққанға дейін дереу жабу туралы шешім қабылдады.
Муниципалитеттің ресми мәлімдемесіне сәйкес, қабылданған шаралар аурудың одан әрі таралуын болдырмауға және жануарлар мен халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған.
Базарды жабумен қатар, аудан аумағында малдың қозғалысына шектеу қойылды. Ветеринарлық қызмет мамандары барлық шаруа қожалықтарын тексеріп, қажетті санитарлық шараларды жүргізуді бастады.
Билік өкілдері азаматтарды аса мұқият болуға, санитарлық талаптарды сақтауға және карантиндік ұсыныстарды қатаң орындауға шақырады. Шектеулерді бұзу эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және аграрлық сектор үшін экономикалық шығындарға әкелуі мүмкін. Қазіргі таңда өңірдегі жағдай бақылауда тұр.
Айта кетейік, аусыл – қос тұяқты жануарлар арасында тез таралатын жіті вирустық ауру. Ол аса жұқпалы болып келеді және мал шаруашылығында елеулі шығынға соқтыруы мүмкін, сондықтан аурудың таралуына қарсы күрес шұғыл әрі батыл әрекеттерді талап етеді.
Бұған дейін Түркия шекарада қауіпсіздік шараларын күшейткені хабарланған болатын.