Түркияда бір мезетте бірнеше өңірден өрт шықты: Билік қасақана өртеу нұсқасын жоққа шығармайды

АНКАРА. ҚазАқпарат - Соңғы бірнеше күнде Түркияның бірнеше провинциясында ормандар отқа оранды. Бүгінгі таңда жалпы өрт аумағы 1500 гектардан асты, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Түркияның солтүстік-батысындағы Чанаккале провинциясындағы орман өрті 15 сағаттан бері жалғасып жатыр.

Ешкім зардап шекпес үшін кей аймақтардан тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Осы кезеңде 1250-ден астам адам эвакуацияланған.

9 ауылдан адамдар кетіп үлгерді.

Билік өрттің әлі бақылауға алынбағанын және ең нашар сценарийге дайындық жүріп жатқанын айтады.

Сақтық шарасы ретінде Чанаккале-Чан тасжолында көлік қозғалысына тыйым салынды, ал Дарданелл бұғазы екі жағынан теңіз қозғалысына жабылды.


Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою басқармасының (AFAD) хабарлауынша, апат аймағына жүздеген адам мен арнайы техника жұмылдырылған.

Чанаккале провинциясында 68 техника өртпен күресіп жатыр. Оған 10 ұшақ пен 26 тікұшақ атсалысып жүр. Алайда қою түтіннің кесірінен аумақ жақсы көрінбейді, бұл өртке қарсы авиацияның жұмысын қиындатты.


Түркияның ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы министрі Ибрагим Юмаклидің айтуынша, соңғы бірнеше күнде елдің әртүрлі аймақтарында 29 өрт тіркелген.

Жалпы оның 26-сы сөндіріліп, бақылауға алынған.

«Қазіргі уақытта мамандар үш аймақта күресті жалғастырып жатыр. Оның бірі - Чанаккаленің орталық бөлігі. Екінші ірі өрт - Бурса, Енишехир және Караджабейде. Қазіргі уақытта ең жойқын өрт Чанаккаледе болып тұр. Негізгі күш-құралдар сонда жұмылдырылды», - деп атап өтті министр.

Бұған дейін Мәрмәр аралындағы Гүндоғду ауданындағы бұталы аймақта белгісіз себептен өрт шыққан.

Балыкесир аймақтық орман шаруашылығы басқармасы, жергілікті өрт сөндіру бөлімдері және Мәрмәр аралдары муниципалитеті бригадаларының жедел әрекетінің арқасында өрт екі сағатта бақылауға алынды.


Сонымен бірге екі күн бұрын Адана облысының Феке аймағында белгісіз себеппен шыққан орман өрті оқшауланды.

Аймақтық орман шаруашылығы басқармасының 70 қызметкері мен 5 техника жұмыс істеді. Өрт сөндірушілердің дер кезінде араласуының арқасында өрт ауыздықталды.

19 тамызда Кахраманмараш провинциясының Андырын ауданында да орман өрті әуеден және жерден сөндірілді. Өртті ауыздықтауға өңірлік орман шаруашылығы басқармасының өрт сөндіру бөлімдері, 2 ұшақ, 7 тікұшақ және 300 адам жұмылдырылды.

Өрт сөндіріліп, оқиға орны құзырлы органдардың бақылауына алынды.

Дәл осы уақытта Түркияның батыс бөлігінде Измир провинциясының Юркмез ауданында орман өрті тұтанды.

Измир аймақтық орман шаруашылығы басқармасының бригадалары тез арада іске кірісті. Авиацияның, өрт сөндіру машиналары мен ауыл шаруашылығы техникасының шұғыл араласуының арқасында өрт ауыздықталды.

Екі күн бұрын Яла облысының елдімекендеріне жақын орман аймағында ірі өрт тұтанған. Оны сөндіруге 4 ұшақ, 4 тікұшақ, 10 көлік және бульдозер жұмылдырылды.

Осы уақытта Балыкесир қаласының Кепсут ауданында орман өрті ауыздықталды. Сабан тиелген көліктен шыққан өрт орманға жайылған.


Жерде 8 ұшақ, 8 тікұшақ, 87 техника және 400-ден астам адам жұмыс істеді.

Тілсіз жау тіркелген аймақтарда өрттің себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Өрт бір-екі күн айырмашылықпен бір мезгілде басталғандықтан жергілікті билік қасақана өртеу нұсқасын жоққа шығармайды.

Әзірге зардап шеккендер мен қаза тапқандар туралы ақпарат түскен жоқ.