Түркияда болған жол-көлік апатының кесірінен зардап шеккен Қазақстан азаматтарының денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ - ҚР СІМ
16:40, 25 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Түркияның Анталья қаласының маңындағы күрежолда болған жол-көлік апатының кесірінен зардап шеккен Қазақстан азаматтарының денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлімдеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Зардап шеккен азаматтарға қажетті барлық жәрдем көрсетілуде. Бізде бар ақпарат бойынша, бүгінгі күні Сиде қаласының ауруханасында Қазақстанның 8 азаматы жатыр. Олардың ішінде 2-не операция жасалды. Операция сәтті өтті, олар өздігінен жүріп-тұра алады. Тағы 1 адам реанимацияда жатыр. Алайда, оның жағдайы тұрақты, өміріне ешқандай қауіп жоқ», - деді брифингте Е.Ашықбаев. Ресми өкіл аталмыш жол-көлік оқиғасының себептерін Түркияның құзырлы органдары тексеріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық туристер мінген автобустың жүргізушісі қарсы жолға шыққан машинадан қашпақ болған. Сонымен қатар, Е. Ашықбаев Қазақстанның Антальядағы Бас консулы оқиға орнында жүргенін және қажетті жәрдем көрсетіп жатқанын жеткізді. Е. Ашықбаевтың сөзіне қарағанда, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің өкімімен құрылған, құрамына сыртқы істер, төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау, көлік және коммуникация, туризм және спорт министрліктерінің өкілдері кірген арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы туристер Қазақстанға оралғаннан кейін оларға медициналық жәрдем көрсету, сақтандыру сыйақыларын төлету және тағы да басқа мәселелермен айналысатын болады. «Қазіргі таңда азаматтардың денсаулығына қауіп жоқ. Менің ойымша, олар (жұмыс тобы-ред) осындай шаралармен шектелетін шығар. Егер де қажет болған жағдайда ведомстволардың барлығы азаматтарымызға барынша көмек көрсету жөнінде нұсқау алды», - деді Е. Ашықбаев.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, мамырдың 22-де Түркияның Манавгат курортты қаласының маңында, ішінде Қазақстан азаматтары бар 34 турист мінген жолаушылар автобусы аударылған. Қазақстан СІМ-нің алдын-ала мәліметі бойынша жол-көлік оқиғасынан 21 қазақстандық зардап шеккен.