Түркияда бүгін құрылысына 5 млрд. доллар жаратылған Босфор туннелі ашылады

АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат -Бүгін, 29 қазанда Түркияда ресми түрде елдегі ірі көлік жобаларының бірі - Босфор бұғазының «Мармарай» темір жол туннелі пайдалануға беріледі.

Оның салтанатты ашылу рәсіміне Түркияның президенті Абдулла Гюль мен премьер-министрі Тайип Эрдоған қатысады. Түркия Республикасының құрылғанына 90 жыл толуына орайластырылған шараға қатысуға Ыстамбұлға Жапония үкіметінің басшысы Синдзо Абэ, Румынияның премьер-министрі Виктор Понта, Әзірбайжан, Ауғанстан, Болгария, Грузия, Испания, Молдавия үкіметтерінің мүшелері келді.

Туннельдің құрылысымен түрік-жапон бірлестігі айнлысқан. Ауқымды құрылыстың жалпы құны 5 миллиард долларды құрады.

«Мармарай» темір жол туннелінің ұзындығы 13,6 шақырымға созылып жатыр. Ол жерден 56 метр тереңдікте орналасқан, деп хабарлады ИТАР-ТАСС. Жаңа жолды күн сайын 1,2 миллион адам пайдаланады деп болжануда.