Түркияның Ішкі істер министрлігі елдің 30 провинциясында халықаралық террористік ұйым — ДАИШ-ке (ИМ, ДАИШ — Қазақстанда тыйым салынған ұйым — ред.) қарсы ауқымды арнайы операция жүргізілгенін хабарлады. Ведомство мәліметінше, жандармерия қызметкерлері 104 күдіктіні ұстаған.
Прокуратура ұсталғандарға қатысты тергеу жұмыстарын бастады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдіктілер террористік ұйыммен байланыста болған, оған өздеріне қатысы бар адамдар мен «қайырымдылық ұйымдары» арқылы қаржылай қолдау көрсеткен, әлеуметтік желілерде үгіт-насихат жүргізген, сондай-ақ террористік ұйымның қатарында болған.
Министрлік террористік ұйымның қызметі мен қаржылық құрылымдарына қарсы мұндай арнайы операциялар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Түркияның 52 провинциясында жүргізілген арнайы операция кезінде 216 күдікті ұсталғанын хабарлаған едік.