Түркияда діни құндылықтарды қорлағаны үшін 4 адам ұсталды
АНКАРА. KAZINFORM – Пайғамбар Мұхаммедке қатысты карикатура жариялап, діни құндылықтарды қорлағаны үшін Түркияда төрт адам ұсталды, деп жазды Анадолы агенттігі.
Елдің ішкі істер министрі Али Йерликаяның мәліметінше, ұсталғандар арасында сатиралық журналдың директоры да бар.
Стамбулдың Бас прокуратурасы «діни құндылықтарды көпшілік алдында қорлау» фактісі бойынша бастаған тергеу аясында күдіктілер ұсталған.
Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан бұл жарияланымды қатаң айыптап, оны «әзілмен бүркемеленген арсыз әрі арандатушы шабуыл» деп атады.
Министрдің айтуынша, бұл әрекет — дінге, киелі ұғымдарға және ғасырлар бойы түрік халқы қадір тұтып келген негізгі құндылықтарға қарсы өшпенділік негізіндегі қылмыстың көрінісі.
— Мұндай қылмыс жасап, қоғам тыныштығына нұқсан келтіргендер міндетті түрде сот алдында жауап береді. Біз ел ішінде де, шетелде де исламға және мұсылмандарға бағытталған өшпенділік пен жауыздықтың кез келген түрімен ымырасыз күрес жүргіземіз, — деп мәлімдеді министр.
26 маусымда жарияланған карикатурада Мұхаммед пайғамбар мен Мұса пайғамбар (Моисей) бейнеленіп, олар қираған қала үстінде қол алысқан түрде көрсетілген. Карикатура Израиль мен Иран арасындағы соңғы қақтығысқа меңзеу ретінде ұсынылған.
Бұған дейін Түркия Босфор және Дарданелл бұғаздары арқылы өтетін кемелер ақысын тағы да көтергенін жазған болатынбыз.