«Фуркан» діни қорының жетекшісі Алпарслан Куйтул мен оның жұбайына ақша жылыстату, алаяқтық жасау, ресми құжаттарды қолдан жасау және салық төлеуден жалтару айыптары тағылып отыр.
Полиция рейд жүргізіп, Куйтулды қоса алғанда, 32 адамды ұстады. Кейінгі күндері тағы 24 күдікті қолға түсті.
Бірнеше күн бойы жауап алынғаннан кейін Куйтул мен оның әйелі тергеу изоляторына жіберілді. Кейін қордың жақтастары сот шешіміне наразылық білдіріп, ғимарат алдына жиналды.
«Фурканға» қатысты іс Түркияда ірі діни ұйымға байланысты соңғы уақытта жүргізілген екінші тергеу болды. Бұған дейін билік «Сүлейменшілер» діни қауымына қатысты қаржылық операция жүргізген еді. Оның жетекшісі Алихан Күріш те қаржылық қылмыс жасады деген айып бойынша қамауға алынған.
Тергеу нұсқасы бойынша, ұйыммен байланысты тұлғалар мен компаниялар шетелге 100 миллиардтан астам түрік лирасы, яғни 2 миллиард доллардан астам қаржы аударуы мүмкін.
Бұған дейін тергеушілер «Сүлейменшілермен» байланысты деген болжамдағы қаржылық және байланыс желісіне қатысты жаңа деректер анықтағаны хабарланған болатын.
Айта кетелік Түркияда ірі діни қауымдастық жетекшісінің ағасынан 200 келі алтын анықталған еді.