Түркияда дрон пайдаланушыларының саны артты

АСТАНА. KAZINFORM – Түркияда ұшқышсыз ұшу аппараттары саласында пайдаланушылар мен техника санының айтарлықтай өскені байқалды. Азаматтық авиация Бас басқармасының 2025 жылғы есебіне сәйкес, дрон ұшқыштары лицензияларының саны 1,6 млн-нан асты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Фото: hurriyetdailynews.com

Құжатта сондай-ақ 2025 жылдың соңына қарай сатуға және пайдалануға дайын дрондар саны 76 мың бірліктен асатыны атап өтілген. Бұл ретте Түркия билігі елдің ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану саласында орнын нығайту үшін инфрақұрылым мен навигациялық жүйелерді дамыту жұмыстарын жалғастырып келеді. 

Азаматтық авиация Бас басқармасының бас директоры Кемаль Юксектің мәлімдеуінше, дрондарды пайдаланудың артуымен байланысты тәуекелдерді ұшқышсыз ұшу аппараттарын бақылау және басқарудың жаңа жүйесінің (IHATTYS) көмегімен реттеліп отыр. Оның айтуынша, жүйе салаға «айтарлықтай өсімге серпін берді». 

IHATTYS жобасы елдегі дронмен байланысты барлық операцияларды аппараттың өзінде қосымша жабдықты орнату қажеттілігінсіз бақылауға бағытталған. Жүйені мемлекеттік азаматтық авиация органдары басқара алады.

Қазіргі уақытта ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндірушілер мен импорттаушылар жүйемен техникалық интеграцияны жалғастырып отыр. Оны толық іске қосудың құқықтық негізі әлі де пысықталу үстінде. 

Осыған дейін Түркия билігі мен қорғаныс-өнеркәсіп кешені өкілдері «SAHA 2026» көрмесінен түсетін қаражатты ел бойынша дрон өндірісі мен оқыту желісін кеңейтуге бағыттауды жоспарлап отырғаны хабарланды.