Түркияда есірткіге қарсы операциялар жүргізіліп, жүздеген адам ұсталды

Фото: Anadolu ajansi

АСТАНА. KAZINFORM – Ыстанбұл прокуратурасы есірткі сатушыларға қарсы ауқымды операцияны үйлестірді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Елді Ішкі істер министрі Али Йерликая Түркияның 14 провинциясында бір уақытта жүргізілген есірткіге қарсы операциялар нәтижесінде 305 күдікті ұсталғанын хабарлады.

Оның айтуынша, операцияны Ыстанбұл қалалық прокуратурасы, Ыстанбұл полициясының есірткіге қарсы күрес басқармасы киберқылмыспен күрес бөлімшелерінің қолдауымен басқарған.

Тергеу барысында күдіктілердің соңғы бес айда мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жабық, шифрланған топтар ұйымдастырып, олар арқылы есірткіні курьерлер арқылы да, тікелей де сатқаны анықталды. 

Құқық қорғау органдары жасырын мүшелік жүйесі бар жабық қауымдастықтардағы хат-хабарларға қол жеткізіп, заңсыз әрекетті үйлестірген әкімшілер мен модераторларды анықтай алды. Кейіннен Ыстанбұл, Анкара, Измир, Бурса, Анталья, Конья, Сакарья, Текирдаг, Хатай, Мардин, Адыяман, Гиресун, Кастамону және Муштасинхронды рейдтер жүргізілді.

Прокуратура барлығы 346 адамды ұстау жоспарланғанын, операциялар жалғасып жатқанын және анықталған онлайн топтарды бұғаттау және жабу процесі басталғанын хабарлады.

Бұған дейін Түркия қарасораны өнеркәсіптік және медициналық мақсатта өсіруге рұқсат бергенін жаздық.