Түркияда ФЕТО ісі бойынша ауқымды арнайы операция жүргізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Арнайы операциялар елдегі әскери төңкеріс жасау әрекетінің 10 жылдығы қарсаңында жүргізілмек, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Фото: hurriyetdailynews.com

Hürriyet Daily News басылымының мәліметінше, Түркия прокуратурасы Фетхуллах Гюленнің террористік ұйымымен (ФЕТО) байланысы бар деген күдікпен 968 адамды ұстауға ордер берген. Түркия билігі бұл ұйымды 2016 жылғы 15 шілдеде елде әскери төңкеріс жасауға әрекеттенді деп айыптайды.

Құқық қорғау органдарының ауқымды арнайы операциясы елдің 81 провинциясын қамтыды. Күдіктілердің ең көбі Анкара, Ыстанбұл және Измир қалаларында анықталған.

Түркияның Әділет министрі Акын Гюрлек ФЕТО-мен күрес 2016 жылғы 15 шілдедегі оқиғалардан кейінгі сияқты табандылықпен жалғасып жатқанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі арнайы операция — «елді тазарту жөніндегі ауқымды науқанның» бір бөлігі.

Еске салайық, 2016 жылғы 15 шілдеде Түркия билігі ФЕТО ұйымымен байланыстырған бір топ әскери қызметкер мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенген болатын. Көтеріліс кезінде Анкара мен Ыстанбұлда танктер мен әскери авиация қолданылып, Парламентті қоса алғанда бірқатар мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасалды. Ресми мәлімет бойынша, сол кезде 253 адам қаза тауып, 2,7 мыңнан астам адам жарақат алған.

Төңкеріс әрекетінен кейін Түркия билігі ФЕТО ұйымына қатысы бар деген күдікке ілінгендер мен оны қолдаушыларға қарсы кең ауқымды науқан бастады. Соңғы он жыл ішінде ондаған мың адам мемлекеттік қызметтен босатылып немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

15 шілде оқиғасының 10 жылдығына орай Түркия билігі Парламенттің арнайы отырысын және 200-ден астам еске алу іс-шарасын қамтитын жалпыұлттық бағдарлама әзірледі.

Бұған дейін хабарланғандай, Түркияда мектептерге оқушылардың суретін интернетте жариялауға тыйым салынды.