Түркияда ИГИЛ-мен байланысы бар 26 күдікті ұсталды

Фото: АЗЕРТАДЖ

АНКАРА. KAZINFORM — Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликая ел аумағында кезекті лаңкестікке қарсы операция жүргізілгенін хабарлады. Операция елдің 14 провинциясын қамтыды, деп жазады AZƏRTAC.

Министрдің мәліметінше, құқық қорғау органдары ИГИЛ террористік ұйымымен байланысы бар деген күдікпен 26 адамды ұстады.

Операция барысында Анкара, Кахраманмараш, Мерсин, Адана, Стамбул және Кайсери сияқты ірі қалалар қамтылған.

Күдіктілерге әлеуметтік желілерде тыйым салынған ұйымдардың идеологиясын насихаттау және лаңкестік әрекеттерді қаржыландыру айыбы тағылып отыр.

Министр полиция мен жандармерия қызметкерлерін ұлттық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлестері үшін құттықтады.

Айта кетейік, Түркияда алғаш рет ұшақ тоқтамай орындарынан тұрған жолаушыларға айыппұл салынды.