Түркияда қаржылық қиындықтар «Аккую» АЭС-нің жаңа блоктарын салу қарқынын бәсеңдетті
АСТАНА. KAZINFORM — «Kazinform» агенттігінің меншікті тілшісі хабарлағандай, «Аккую» атом электр станциясының екінші, үшінші және төртінші энергоблоктарының құрылысы белгіленген мерзімдерінен кешігіп жатыр.
Түркияның негізгі энергетикалық жобасы қаржыландырудың үзілістеріне байланысты елеулі кідірістерге тап болды. Жобаға қажет қаражат көлемі шамамен 7 млрд долларды құрайды.
Жерорта теңізінің жағалауындағы Мерсин провинциясында орналасқан «Аккую» АЭС-і ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы жүзеге асыратын «Сал - Иелен - Пайдалан» халықаралық үлгісі бойынша салынып жатыр. Жоба толық аяқталған соң, қуаты 4800 МВт болатын төрт реактор Түркияның электр энергиясына деген сұранысының шамамен 10 пайызын қамтамасыз ете алады.
Жоба жоспарына сәйкес, бірінші энергоблокты сынау 2025 жылдың соңында немесе 2026 жылдың басында басталуы тиіс, ал электр энергиясын өндіру шамамен 2026 жылдың ортасына қарай қолға алынбақ. Алайда қаржыландырудың шектелуі салдарынан Akkuyu Nuclear JSC басқарушы компаниясы барлық ресурстарын бірінші блокты аяқтауға бағыттап отыр. Алғашқы блоктан түсетін табыс жобаның қалған кезеңдерін қаржыландыру көзіне айналмақ.
Мамандардың айтуынша, бірінші блокқа шамамен 5 млрд доллар шығын жұмсалған. Бұл шығындарға басқару орталықтары, қауіпсіздік жүйелері және барлық төрт реактор үшін ортақ инфрақұрылымдар кіреді.
Кейбір сарапшылар кідірістердің қаржылық қырларына назар аударады. Ресейлік тарап, атап айтқанда «Росатом» Түркиядан бірқатар қаржылық жеңілдіктер, соның ішінде табыс салығынан босатуды талап етіп отыр. Анкара бұл талаптарды әзірге қанағаттандырған жоқ, бұл жағдай сарапшылардың пікірінше, толыққанды қаржыландырудың жалғасуына басты кедергі болуда.
Бұғатталған қаражат пен шиеленіскен жағдай жоғары деңгейдегі араласуды, атап айтқанда, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен оның ресейлік әріптесінің қатысуын қажет етуі мүмкін.
Қалған блоктардағы кідірістер жобаның жалпы мерзімінде аяқталуына күмән тудырады. Түркия мен Ресей арасындағы энергетикалық әріптестіктің символына айналуы тиіс болған «Аккую» АЭС-інің болашағы қосымша қаржыландыру мен саяси келісімдерсіз белгісіз мерзімге созылып жатыр.
Айта кетейік, Түркия Орталық банкінің резервтері 141 млрд долларға дейін төмендеді.