Түркияда қазақстандық құтқарушылар үйінді астынан 3 адамды аман алып шықты

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Газиантептегі объектілердің бірінде қазақстандық құтқарушылар үйінділердің астынан 3 адамды құтқарып алды. Бұл туралы ҚазАқпарат ТЖМ сілтеме жасап хабарлайды.

«Құлаған тоғыз қабатты үйдің қирандыларының астынан бір қарт адам мен екі жас жігіт шығарып алынды. Қазақстандық құтқарушылар оларға бірінші болып барып, адамдарды Түркиялық әріптестеріне және медициналық қызметтерге тапсырды. Жұмыстар үзіліссіз екі тәулік бойы конструкциялардың құлау қаупі төніп тұрғанымен аса күрделі жағдайларда жүргізілді. Адамдарды анықтау үшін кинологиялық есептоптар және арнайы іздеу құралдары белсенді түрде тартылды», - делінген хабарламада.


ТЖМ ресми өкілі Руслан Иманқұлов осы сәтте қазақстандық құтқарушылар қалай жұмыс істеп жатқаны туралы айтты.

«Біздің құтқарушылар опырылып түсуі мүмкін құрылымдардың ең астында жұмыс істеп жатыр. Осы құтқару жұмыстары екі тәулік бойы жүргізілді. Видеода қазақстандық құтқарушылар қираған ғимараттардың астында жүр және құтқарылған адамдарды түрік әріптестеріне шығарып берді», - деді Р. Иманқұлов.

Бұған дейін Түркияда оқиға орнында жүрген ҚазАқпарат тілшісі Ақжігіт Шүкібай қазақстандық құтқарушылар үйінді астынан 3 адамды алып шығуға күш салып жатқаны туралы алдын ала хабарлаған еді.

Соңғы мәлімет бойынша Түркияда жер сілкінісінен қаза болғандар саны 12,3 мыңнан асты.


Видеодан алынған кадр