14:59, 23 Мамыр 2009
Түркияда Қазақстандық туристер мінген автобус аударылды
АСТАНА. Мамырдың 23-і. ҚазАқпарат - Түркияның Анталья қаласының маңындағы күрежолда Қазақстандық туристер мінген автобус аударылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Бұл оқиға кеше Астана уақыты бойынша шамамен 20.00-де орын алды. Автобуста 36 адам болған, соның ішінде 24-і Қазақстан азаматы. Алдын ала мәліметтер бойынша 27 адам зардап шеккен. Оның үшеуі Манавгат қаласының емханасына жөнелтілді. Ал қалғандары Сиде қаласына жеткізілді. «Зардап шеккендердің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», - дейді оқиға орнында болған жергілікті полиция қызметкерлері. «Барлық азаматтарға медициналық көмек көрсетілді. Олардың барлығы жеңіл жарақат алған», деді дәрігерлер. Қазіргі уақытта осы елдегі Қазақстан Елшілігі мен Антальядағы Бас Консулдық оқиғаға байланысты тиісті іс-шаралар жасауда. Жағдайды зерттеуге Қазақстан Консулы оқиға орнына жіберілді. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі зардап шеккендерді елге әкелу қажеттігі болған жағдайда ТУ ? 134 ұшағының дайын тұрғандығын хабарлады.