Өз сөзінде вице-министр Қазақстанның Арал маңы экожүйелерін қалпына келтіру және өңірді климаттың өзгеруіне бейімдеу бағытында жүзеге асырып жатқан шаралары туралы баяндады.
– Орталық Азия үшін климаттың өзгеруіне бейімделу, ең алдымен, су мәселесімен байланысты. Арал теңізінің тарихы мұны айқын көрсетеді: су экожүйесімен бірге жердің, климаттың, халық денсаулығының және тұтас өңір экономикасының тұрақтылығы да әлсірейді, – деп атап өтті Мансұр Ошурбаев.
Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Дүниежүзілік банктің қатысуымен Көкарал бөгетін салу жобасын қоса алғанда, су шаруашылығы жобаларын іске асыру нәтижесінде теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалуға мүмкіндік туды. Соңғы жылдары су көлемі 18,9 млрд текше метрден 23 млрд текше метрден астам көрсеткішке дейін ұлғайды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәліметінше, сонымен қатар Қазақстан Арал теңізінің құрғаған табанын көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. 2021–2025 жылдары орман-мелиорациялық іс-шаралар 1,1 млн гектардан астам аумақты қамтыды. Сексеуіл отырғызу құмды бекітуге, тұз бен шаңның таралуын азайтуға ықпал етеді.
Сөз соңында Мансұр Ошурбаев Орталық Азияның су және құрлық экожүйелерін қалпына келтіру үшін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, климаттық қаржыландыру тарту және бірлескен ғылыми мониторингті дамыту қажеттігін атап өтті.
Арал теңізіне 1 млрд текше метрден астам су түскенін жазған едік.