Түркияда Қазақстанның делегациясы Шөлейттенумен күрес жөніндегі БҰҰ конвенциясының 12-ші сессиясына қатысты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның делегациясы Анкараның ең ірі көрме орталықтарының бірінде өткен Шөлейттенумен күрес жөніндегі БҰҰ конвенциясының 12-ші сессиясына қатысты.

ҚР-ның Түркиядағы елшілігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, конференцияның жұмысына мүше елдердің өкілдері қатысып, олардың ішінде шын мәнісінде құрғақшылық пен шөлейттенуден зардап шегіп жатқан мемлекеттерден, әсіресе Африка өңірінен келгендердің тарапынан аса ерекше белсенділік көрсетілді.

Қазақстандық тарап та талқылауларда пікірсайыстарға белсене араласып, Қазақстанның шөлейтті аймақтарында шөлейттенумен күрес мәселелері бойынша қол жеткізілген нәтижелер туралы баяндады.

«Қазақстанның да шөлейттенумен күрес мәселесі бойынша жетістіктері баршылық. Қыруар жұмыс істелді, бірақ өкінішке орай шөлейттену мәселесі Қазақстандағы өзекті проблема болып қалуда. Ауыспалы егіс, ағаш отырғызу іс-шаралары аса қажетті болып табылады. Қазіргі таңда дүниежүзінің әр түрлі алқаптарында ормандар кесіліп бітуде. Үлкен алқаптар жыртылып, жердің жұқа гумус қабатын шаң-тозаңға айналдырып жатыр», - деп хабарлады делегаттар.

Қазақстандық өкілдер еліміздің жетістіктерінен хабардар ете отырып, өңірлердің топтық отырыстары барысында да бірлескен бастамаларды үйлестіру, ең үздік тәжірибелер мен зерттеулерді пайдалану, сонымен қатар технологияларды енгізу мәселелері бойынша талқылауларға белсенді қатысты.

Конференцияның жан-жақты бағдарламасы бойынша басты қонақ ретінде Түркия Президенті қатысқан министрлер деңгейіндегі кездесуді қоса алғанда, басқа да әр түрлі сессиялар ұйымдастырылды. Айта кетерлік жайт, осы жылғы өткен конференция журналистердің қатысуымен ерекшеленеді. Олар арнайы Конвенция хатшылығы тарапынан шақырылды. Ұйымдастырушылар сондай-ақ азаматтық қоғам мүшелері үшін де орындарды дайындап қойды. Олардың жалпы саны сексен адамнан асты. Олар да диалогтың белсенді қатысушылары ретінде қатысты.

Шынымен, шөлейттену мәселесі халықаралық қауымдастығы күн тәртібінің ең қызу тақырыптарының бірі болып табылады. Планетамыздың жер жүзі бойынша 4 млрд. гектарға жуық жер құрғақшылықтан зардап шегіп, 110 елдің 1,2 млрд. адамы су тапшылығына ұшырауда.

Конференциядан кейін қазақстандық делегаттар Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінде болып, Елші Жансейіт Түймебаевпен кездесті.