«Түркияда қазақтар бір мектепке зар болып отыр» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 13 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 13 шілде,жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Тақырыпқа қарап, е, баяғы қазақ тілінің бітпейтін мұңы екен ғой деп қалмаңыз. Өз тілін өгейсітетін бізден басқа да халықтар бар екен...», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Өз тілін өгейсіткен халықтың түбі өксікпен өтпесіне кім кепіл?» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Белоруссияда жергілікті халықтың үлесі 80 пайыздан артық, демек, өз тілдерінде сақылдатып-ақ жүретін жұрт. Бірақ ондай болмай қапты... Өз қағынан жеріген құланша бұлар да өзінің ана тілінен жеріп кетіпті. Бұлар да барлық жерде: көшеде, үйде, қызметте бір-бірімен тек орыс тілінде сөйлеседі екен.  «Оу, беларус тілі - ана тілдерің қайда десек, ол ауылды жерлерде, онда да батыс жақтағы мекендерде қалған деседі өздері. Осыған намыстанып жатқан жандарды және көрмедік. Әрине, барлық көрсет­кіш­тер, соның ішінде көше атаулары беларусша жазылған. Теледидардан да орыс ті­лі­нің ара-арасында беларус тілі шығып қа­лады, әсіресе, ауа райын айтқанда беларус тілі естіледі. Ал басқа уақыттағы  дүние­нің бәрі орысша», - деп жазады басылым.

***

«Айқын» газетінде жазушы, дінтанушы, «Қағанат» консорциумының басшысы Бейбіт Сапаралымен арадағы сұхбат «Елбасының айналасына «елім, жерім» деген қалың нөпір қол болуы керек» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген қаламгер: «Кез келген адам баласы кәмелеттік жасқа жеткеннен кейін қоғамға, ата-анасына масыл болмай, өзгенің есебінен күнелтпей, мүмкін болғанынша өзгенің адалынан ризық-несібе табуы ләзім. Табыс, күнкөріс, қаржы-қаражат, мал негізінен үш түрлі ғана жолмен пенденің нәпақасына бұйырады», - дейді. 

«Түркияда қазір жалпы саны 10-15 мыңнан астам (кей деректерде 20 мың делінеді) қазақ тұратынын ескеріп, ондағы жастардың қасиетті Отаны - Қазақстанмен рухани байланысын нығайтып, тілін, ділін ұмытпауы үшін қазақ мектебін ашсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені Түркиядағы қазақтардың кейінгі жастары тілін ұмытып барады», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Ал тілді ұмытқан ұрпақтың ділі де өзгенің кейпін сіңіріп, өзгере беретініне тарихта мысал жетерлік. Сондықтан 20 миллиондық межеге жете алмай жатқанымызда, әр қазақ, мейлі ол Қазақстан, мейлі шетелде тұрсын, біз үшін көздың қарашығындай қорғайтын жалғызымыздай екенін ескеру - мемлекетіміздің маңызды міндеттерінің бірі. Осы ретте «Алаш айнасы» басылымы Түркиядағы қазақ диаспорасы үшін қазақ мектебін ашудың мүмкіншіліктері қарастырылып жатыр ма деген сауалды еліміздің Білім және ғылым министрлігіне жолдапты. Құзырлы мекеменің жауабын «Түркияда қазақтар бір мектепке зар болып отыр»  деген тақырыптағы мақаладан табасыз.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев терроризммен және экстремизммен күрес мәселелері бойынша кеңес өткізді. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кезектен тыс аттестаттаудан өтуі туралы есепті тыңдады. Кеңесті ашардағы сөзінде  Нұрсұлтан Назарбаев терроризм мен экстремизмнің таралуы қазіргі таңда жаһандық сипат алып отырғанына тоқталған. «Біз бүгінде салыстырмалы түрде тыныш әрі тұрақты жағдайда өмір сүріп жатырмыз, сондықтан мұндай бейбіт тіршілік баршаны жайбарақаттандырып жіберді. Қа­зіргі кезде құқық қорғау органдарының он­да­ған мың қызметкері террористік әрекеттің алдын алу және жолын кесу мақсатына жұ­мылдырылған. Мемлекет бұл орайда айтар­лықтай көмек көрсетіп отыр. Құқық қорғау органдарының елдегі заңдылық пен тұрақ­тылықты сақтаудан асқан маңызды міндеті жоқ», - деп баса айтты Мемлекет басшысы.