Түркияда киберқылмысқа қарсы ауқымды рейд жүріп, 360 күдікті ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM —  Түркияның 24 провинциясында полиция киберқылмысқа қарсы ауқымды операция жүргізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі. 

Фото: haber24.com.tr

Түркия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, рейд соңғы он күн ішінде өткізілген.

Операция интернет арқылы балалар порнографиясын тарату, онлайн әлімжеттік жасау, заңсыз бәс тігу және алаяқтық қылмыстарға қарсы бағытталған.

Жалпы саны 360 күдікті ұсталды. Сот олардың 162-сін қамауға алу туралы шешім қабылдады, тағы 125 адам сот бақылауымен босатылды. Қалған күдіктілерге қатысты процессуалдық әрекеттер жалғасып жатыр.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер балалар порнографиясы бар материалдарды сақтаған, «POS-өсімқорлық» деп аталатын заңсыз қаржылық схемалармен айналысқан, сондай-ақ пайдаланушылардың жеке деректерін таратып, сұратқан. Сонымен қатар олар әлеуметтік желілер мен фишингтік сайттарды алаяқтық мақсатта пайдаланған. Мәселен, тауар сату немесе инвестициялық жобаларға қатыстыру деген желеумен адамдарды алдаған.

Тергеу барысында қылмыскерлер азаматтардың мобильді банкинг қосымшалары мен ойын аккаунттарына заңсыз қол жеткізгені анықталды. Сондай-ақ олар заңсыз онлайн-құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастырып, қаражатты заңсыз букмекерлік сайттарға аудару кезінде делдал болған және олардың жарнамасымен айналысқан.

Бұған дейін Түркияда киберқылмысқа қарсы күрес аясында елдің 28 провинциясында ірі арнайы операция жүргізілгені хабарланған еді.