Түркияда мектеп мұғалімі қарулы шабуылдан қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның оңтүстігіндегі Османие провинциясында мектеп аумағында қарулы шабуыл жасалып, әдебиет пәнінің мұғалімі қаза тапты.

Фото: gazetepencere.com

Түркиялық Gazete Pencere басылымының мәліметінше, Фараби Анадолы лицейінің әдебиет пәнінің мұғалімі Мехмет Билгилиге мектеп ауласында өзінің жиені оқ атқан.

Жергілікті биліктің дерегіне сәйкес, мұғалім мен оның жиені арасында әзірге белгісіз себеппен жанжал туындаған. Жанжал кезінде күдікті тіркелмеген атыс қаруын алып шығып, Мехмет Билгилиге бірнеше рет оқ атқан.

Ауыр жараланған мұғалімге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Шабуылдан кейін күдікті оқиға орнынан қашып кетуге әрекеттенгенімен, көп ұзамай құқық қорғау органдарының қызметкерлері оны ұстады.

– Бұл оқиғаның білім беру үдерісіне немесе оқушыларға қатысы жоқ. Қарулы шабуыл туыстар арасындағы жанжалдан туындаған, – деді Османие провинциясының губернаторы Мехмет Фатих Серденгечти.

Губернатордың айтуынша, Билгили жиенін өзі тәрбиелеп, оған баласындай қараған. Алайда соңғы уақытта олардың арасында келіспеушіліктер туындаған.

Оқиғаның мән-жайын полиция мен прокуратура тергеп жатыр.

Айта кетейік, Швеция мектебіндегі қарулы шабуылдан бір адам қаза тауып, үш оқушы жараланды.