Түркияда мектептерге оқушылардың суретін интернетте жариялауға тыйым салынды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның Білім министрлігі оқушылардың дербес деректерін қорғауға бағытталған жаңа ережелерді енгізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Фото: hurriyetdailynews.com

Hürriyet Daily News басылымының мәліметінше, Түркияның Білім министрлігі мектептерге оқушылардың фотосуреттері мен жеке деректерін ресми сайттарда, әлеуметтік желілерде және өзге де онлайн платформаларда жариялауға тыйым салды. Осыған қатысты дербес деректерді қорғауға бағытталған 10 шараны қамтитын нұсқаулық елдегі барлық білім беру ұйымдарына жолданды.

Жаңа талаптарға сәйкес, оқушылар мен мектеп қызметкерлерінің фотосуреттері мен бейнежазбаларын, сынып тізімдерін, оқушы куәлігінің нөмірлерін, Түркияның жеке сәйкестендіру нөмірлерін, емтихан нәтижелерін, сабаққа қатысу және оқу үлгерімі туралы мәліметтерді жариялауға болмайды.

Сонымен қатар мектептерге бұған дейін жарияланған материалдарды қайта қарап, ашық қолжетімділіктегі құжаттарды, хабарландыруларды, фотосуреттерді, бейнежазбаларды және жеке деректерді қамтитын өзге де файлдарды алып тастау тапсырылды.

Егер фото немесе бейнетүсірілім білім беру мақсатында қажет болса, мектеп әкімшілігі алдын ала түсірілімнің мақсатын, жарияланатын платформаны, материалдарды сақтау мерзімін және оларға қол жеткізе алатын адамдардың шеңберін нақты айқындауы тиіс.

Бұл шешім мұғалімдердің сабақтарды бейнетаспаға түсіріп, оқушылардың қатысуымен түсірілген бейнероликтерді әлеуметтік желілерге жариялап, миллиондаған қаралым жинауына байланысты көп жылдан бері жалғасып келе жатқан пікірталастар аясында қабылданды.

Педагогтер мен құқық қорғаушылардың пікірінше, мұндай тәжірибе балалардың жеке өміріне қол сұқпау құқығын бұзып, оларды интернет аудиториясына арналған контентке айналдырады.

Еске салайық, бұған дейін Түркияның Шанлыурфа және Кахраманмараш провинцияларындағы білім беру мекемелеріне жасалған қарулы шабуылдарға қатысты тергеу жалғасып жатқаны хабарланған болатын.

Айта кетелік Түркияда жоғары білім жүйесін ауқымды реформалау жоспарланып отыр