Түркияда мейрамханада жарылыс болып, 7 адам қаза тапты

АНКАРА. ҚазАқпарат - Түркияның батысындағы Назилли қаласында мейрамханада тұрмыстық газ баллоны жарылып, 7 адам қаза тапты және бесеуі жарақат алды. Бұл туралы Айдын провинциясының губернаторы Хюсейн Аксой мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат TRT-ға сілтеме жасап.

Жарылыс ғимараттың ас бөлмесінде жергілікті уақытпен сағат 15:30-да баллон ауыстыру кезінде болған. Провинция губернаторы Хусейн Аксойдың айтуынша, «қызметкер баллоннан иіс шығып тұрғанын мәлімдеген. Екінші қызметкер баллон ауыстырып жатқанда, ол адамдарды сыртқа шығарған, кейін қысқа уақыт ішінде жарылыс болған».

Бұл кезде мейрамханада 20-дан астам адам болғаны, зардап шеккендер ауруханаға жеткізіліп, олардың ауыр халде жатқаны хабарланды.

Назилли қаласы прокуратурасы осы оқиға бойынша тергеу басталғанын мәлім етті. Ол үшін 3 прокурор тағайындалды, сондай-ақ жарылысқа кінәлі 5 адам ұсталған.

Фото: twitter.com/sahmettinyuksel